Әлеуметтік желілердегі заңсыз контентке тосқауыл қойылуы керек, алайда бұл талап сөз бостандығын шектеуге себеп болмауға тиіс. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сайлауалды науқан кезінде журналистер мен блогерлердің жұмысына қатысты түсінік берді. Ведомство басшысы онлайн-платформаларды заңға қайшы материалдарды уақытылы жоюға шақырды. Бұл туралы министр Facebook-тегі парақшасында жазды.
Журналистер мен блогерлерді түсіруге рұқсат бар
Аида Балаева журналистер мен блогерлердің заң аясында кәсіби қызметін еркін жүзеге асыруға, соның ішінде фото және бейнетүсірілім жасауға құқығы бар екенін атап өтті.
«Масс-медиа туралы» заңға сәйкес, журналистер кәсіби қызметі барысында фото, аудио және бейнетүсірілім жүргізіп, ақпарат тарата алады. Министрдің айтуынша, журналистер мен блогерлер адамның келісімінсіз де түсірілім жасай алады.
Мұндай мүмкіндік бірнеше жағдайда қарастырылған. Атап айтқанда, адам көпшілік іс-шараға, соның ішінде мәдени, спорттық іс-шараларға немесе бейбіт жиналыстарға қатысып жатса, оны келісімінсіз түсіруге болады.
Сондай-ақ адамның бейнесі оның қызметтік немесе қоғамдық қызметіне қатысты болған жағдайда немесе ол өзінің суретін ашық дереккөзде өзі жариялаған болса, түсірілім жасауға рұқсат етіледі.
Бұдан бөлек, қоғамдық тәртіпті қорғау үшін адамның бейнесін пайдалану қажет болған кезде де оның келісімі талап етілмейді.
Министрлік журналистер мен БАҚ аккаунттарын бұғаттамайды
Министр әлеуметтік желілерде бірқатар БАҚ өкілдерінің, белсенділер мен блогерлердің парақшалары жаппай бұғатталып жатқаны туралы ақпаратқа да тоқталды.
Оның сөзінше, журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне немесе сөз бостандығына негізсіз шектеу қойылғандай әсер қалдыратын кез келген әрекет мемлекеттік органдардың беделіне кері әсер етеді.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес», – деп жазды Аида Балаева.
Министр мұндай әрекеттер мемлекеттік институттардың беделіне нұқсан келтіріп, қоғам алдында оларды теріс көрсету үшін пайдаланылуы мүмкін екенін айтты.
«Сөз бостандығы жауапкершілікпен қатар жүруі керек»
Балаева Қазақстан жаңа саяси кезеңге қадам басқан кезде бұл мәселелердің маңызы арта түскенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция қабылданып, мемлекеттік институттарды жаңарту үдерісі басталды. Ал алда Құрылтайды қалыптастыру міндеті тұр.
Министрдің пікірінше, сөз бостандығы азаматтың жауапкершілігін де қатар талап етеді.
«Заң алдында лауазымына, мәртебесіне, кәсібіне, қоғамдағы танымалдығына немесе әлеуметтік желідегі жазылушыларының санына қарамастан бәрі тең», – деді ол.
Балаева бұл қағидат «Заң мен тәртіп» ұстанымының негізін құрайтынын айтты. Мемлекет журналистер мен блогерлердің заңды қызметі мен сөз бостандығын қорғауға міндетті. Сонымен қатар ақпарат таратушылар өздері жариялаған мәлімет үшін жауапты болуы керек.
Министр платформаларды заңсыз контентпен күресуге шақырды
Балаева журналистер мен блогерлер үшін маңызды талаптардың бірі – жарияланатын ақпараттың анықтығын тексеру екенін атап өтті.
Осыған байланысты министр әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті уақытылы анықтап, жою жұмысын күшейтуге шақырды. Дегенмен заңсыз контентпен күрес заңды пікір білдіруге кедергі болмауы керектігін ескертті.
«Заңсыз контентпен күрес сөз бостандығын негізсіз шектеуге әкелмеуге тиіс», – деп жазды министр.
Оның айтуынша, заңға қайшы материал мен заңды пікірдің, кәсіби журналистік қызмет пен қоғамдық пікірталастың аражігін нақты ажырату қажет.