25 тамыздан бастап «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Жаңа талаптар жүргізушілердің белгілі бір санаттары үшін міндетті медициналық тексеруді, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғандарға теориялық емтиханды қайта тапсыруды және мас күйінде көлік басқарғандар үшін жауапкершілікті күшейтуді қарастырады. Ішкі істер министрлігі бұл жаңашылдықтар жол қауіпсіздігін арттырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталғанын мәлімдеді.
Міндетті медициналық тексеруден кімдер өтеді?
Жаңа нормаға сәйкес, 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтар екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өтуге тиіс. Тексеру нәтижелері ақпараттық жүйеге автоматты түрде енгізіледі. Осыған байланысты жүргізушілерден қосымша анықтама жинау немесе мемлекеттік органдарға жүгіну талап етілмейді. Бұл міндет өзге жүргізушілерге қолданылмайды.
Медициналық тексеруден өтпеген жағдайда не болады?
Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрліктерінің ақпараттық жүйелері медициналық тексеру туралы мәліметтермен автоматты түрде алмасады. Егер жүйеде жүргізушінің тексеруден өткені немесе көлік басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдерінің жоқ екені расталмаса, оның жүргізуші куәлігінің күші уақытша тоқтатылады. Бұл талап тек 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтарға қатысты.
Қандай жағдайда теориялық емтиханды қайта тапсыру қажет?
Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілер заңда көрсетілген жағдайларда теориялық емтиханды қайта тапсыруы мүмкін. Мұндай құқық бұзушылықтарға мыналар жатады:
- жол қиылысында апаттық жағдай туғызу;
- жылдамдықты бірнеше рет белгіленген мөлшерден асыру;
- маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу кезінде қауіпті әрекеттерге жол беру;
- тоқтау және тұраққа қою ережелерін бұзып, басқа көлік қозғалысына кедергі келтіру немесе қауіп төндіру;
- заңнамада көрсетілген басқа да өрескел құқық бұзушылықтар.
Бұл талап барлық жүргізушілерге бірдей қолданылмайды. Теориялық емтиханды қайта тапсыру заңда белгіленген нақты негіздер болған жағдайда ғана талап етіледі.