Алматыда алғашқы толыққанды жапон бағының құрылысы 2026 жылдың тамызында басталып, желтоқсан айында аяқталады. Бұл туралы KursivMedia хабарлады.
Жоба-сметалық құжаттаманы «КазДомСтрой LTD» ЖШС әзірлегенін мәлімдеді. Құрылысты «Kazuranium Service» ЖШС жүргізеді. Жоба толықтай жеке инвесторлардың қаражаты есебінен қаржыландырылады.
Бақта қандай өсімдіктер өседі?
Жапон бағының аумағына сакура, магнолия, сәндік алма ағаштары, үйеңкі, арша, гинкго және жапондық ниваки үлгісінде қалыптастырылған ағаштар отырғызылады. Өсімдіктер Алматының климаты мен жергілікті табиғи жағдайына бейімделіп таңдалған.
Қоғамдық талқылау кезінде тұрғындар қолданыстағы ағаштарды мүмкіндігінше сақтап қалуды және саябақ маңынан автотұрақ қарастыруды ұсынған. Әкімдік бұл ұсыныстар жобаға енгізілгенін атап өтті.
Жапон бағы қашан ашылады?
Алғашқы келушілер үшін жапон бағын 2027 жылдың наурыз айында, сакура гүлдейтін мезгілде ашу жоспарланып отыр. Осы уақытқа дейін құрылыс пен абаттандыру жұмыстары толық аяқталады.