Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңның қатаңдағанына екі жыл болды. Осы уақытта елде 150 әйел күйеуінің не бірге тұратын ер адамның қолынан қаза тапты. Kursiv Media оқырманға әйелдердің оқиғасына ұсынды.
Ажырасуға ұялдым
Бір ұлым, бір қызым бар. 2017 жылы тұрмысқа шықтым. Сүйіп қосылған жоқпын, араласып жүріп, өз келісіміммен тұрмысқа шықтым. Тұрмысқа шықпай тұрып-ақ ұрды. Той өтіп, үйіне барған соң бір аптадан кейін ұра бастады. Неге келіскенімді әлі білмеймін. Оқығанмын, әке-шешем бар, бауырларым бар, жағдайымыз жақсы. Алдаған шығар деп ойлаймын. Жаным ашып, «жарайды» деп келістім. «Тұрмысқа шықпасаң, өлемін» деп қорқытты. Әлі күнге дейін солай қорқытады.
…Ол Өзбекстанда туып-өскен. Бәрі ерте тұрмадың дегеннен басталды. Анасы араға түсіп, анасының сөзіне сеніп, ұратын. Енем өтірік көп айтатын. Басында «бұл қызды алмайсың, жағдайы бар, көкірек сияқты, ертең саған бағынбайды» деген. Ұруға анасы үйретті. Әкесі өмір бақи шешесін ұрып өткен. Әкесінен көргенін маған көрсетті деп ойлаймын. Мені ұрып жатқанда «таяқтан өлмейді, біз де осылай таяқтан тәрбиеленгенбіз» дейтін. Тұншықтырып, қинап жатқанда да қарап тұратын.
Қанша ұрса да, мүлде кешірім сұрамайды. Ата-әженің қолында өскеннен кейін ажырасу деген маған ұят болды. Шыдаймын деп шештім. Әкем «ажырас» деді. Анам қарсы болды. «Айналдырған екі қыз, ертең менің пазорымды шығарасың, шыдайсың, тұрасың» деген соң, қалдым.
Ұлым өскен соң ажырасамын деп ойлайтынмын. Артынан қызым туды. Екі баламен ажыраса алмаймын деп қалып кеттім.
2024 жылдың соңында ажырастым. Тұрып жатқан үйіме келеді, ұрады. Жұмыс орнымды ауыстырдым, ол жерді тауып алып, ұрып кетті. «Енді жоламаймын» деп өтініш жасаған соң арыз жазбадым.
Мамамды ұратын әке керек емес
21 жасымда тұрмыс құрдым. Өзбекстаннан келгенмін, ұлтым – қазақ. Қазақстанға қоныс аудардым. Ол кісі бәрі жақсы болады деп ант-су ішіп, уәдесін берген соң үйлендік. Отбасы құрған жылдары бәрі жақсы болатын. Кейін 2-3 жылдан кейін… ұлымыз дүниеге келген соң ішкілікке салына бастады. Не себеп болғанын білмеймін. Жұмысқа шығып, табыс тауып жүрсем, себепсіз қызғанып, мазалай бастады.
«Әйел үйде отыруы керек, не жетпейді? Өзім асыраймын» деді, бірақ өзі арақ ішетін. Қол көтеруіне қызғаныш себеп болды. Бала күтуші болып жұмыс істедім, ата-апаларға тамақ істеп беріп жүрдім. Үй иелерінен қызғанып, ұрыс шығаратын.
Автобуста жанымда ер адам отырса, «сен оны танисың, әдейі сенің жаныңа отырды» деп ұрыс шығаратын. Болмайтын қызғаныш. Сол үшін үйден шықпа дейтін.
Ішуді, қызғануды қойған жоқ. Жұмысыма барып, қызғаныштан үйге алып қайтатын. 7-8 жыл бойы шыдадым. Ұлым әкесіз өспесін деп, өзгереді деп үміт еттім.
Өзі жетер-жетпес ақша табатын. Тұрақты жұмысы болса, мен де жұмысқа шықпай отыратын едім. Ұрғаннан кейін «Мас болдым, енді қайталанбайды. Өзімді ұстай алмадым» дейтін. Кешірім сұрап, алдайтын. «Ажырасып келіпті» деген атқа қалмау үшін өзгереді деп үміттендім.
Ұлым бәрін көрді. «Ішетін, маманы ұратын әке керек емес» деп айтады. Кетіп қалған кезімде өзім тапқан ақшаны жеткізе алмадым. Сол себепті оралдым.
…Полицияға жүгіндім. Олар «ұлыңыздың әкесі екен ғой» деп өздері татуластырып кетті. Қол көтергенін айтсам, арызымды қабылдамады. Оларға да сенбей қойдым. Ата-анам жоқ болғаннан кейін кімнен көмек сұрарымды білмей, «Жан-Сая» дағдарыс орталығына келдім.
…Қазір мені мазаламайды. Заңмен тыйым салынған. Балаға да, маған да жоламауы керек.
Из-за тебя сидеть в тюрьме западло
14 жыл тұрмыста болдым. Күш көрсеткеніне шыдап жүре бердім. Қызым туғаннан кейін шыдауға болмайтынын түсініп, үйден кетіп қалдым. Физикалық зорлықтан бөлек туыстарыммен араластырмау, кредит алғызу, оларды төлемеу бар. 7 млн теңге кредит алғызды, қазір мүлде төлемейді. Қызым 5 жаста. Көмектеспейді.
Басында ұрыс шығарып, түнімен ұйқы бермейтін. Бір ұрыс екі-үш күнге жалғасады. Ондай кезде қатты ұрмайтын, итеріп жіберетін. Бір рет миым шайқалып, ауруханаға түстім. Қанша рет далада қалдым, вокзал мен мешітте түнеп жүрдім.
…Кешірім сұрайды, өзгеремін дейді. Кетіп қалған кезде «өзімді өлтіремін» деп манипуляция жасайды. Бұл «өзгеріс» біраз уақытқа созылады, артынан қайта басталады.
Бір күні ұрыс шыққаннан кейін қызыммен бірге пәтер жалға алдым. Тамаққа ақшам болмады. Қызым қарны ашып жылады. Хабарласып, бізді алып кеткісі келетінін айтты. Татуластық. Екі күн өткен соң «сені 8-қабаттан лақтырып жібергім келген. Қызымды ертең жалғыз баға алмаймын деген ой болғандықтан ғана істеген жоқпын. Ұсталып қаламын деп ойладым», деді. Тағы бір күні «сені өлтіргім келеді, бірақ сен үшін из-за тебя сидеть в тюрьме западло» деп айтты.
Бастапқыда полицияға хабарласпадым. «Салтанат заңы» қабылданғаннан кейін құқығымды қорғай бастадым. 102-ге хабарласып, арыз жаздым. Басында 5 күнге, сосын 10, үшіншісінде 15 күнге қамалды. Содан кейін ұрмайтын болды, психологиялық қысымды күшейтті. Бұл да көмектеспейтінін түсіндім.